Қауіпсіздік

Егер Сіз телефон алаяқтарының әрекеттеріне ұрынсаңыз, Сіз алаяқтық жағдайына қатысты құқық қорғау органдарына хабарласа аласыз. Ұялы байланыс операторы алаяқтардың әрекеттеріне жауапты болмайды және құқық қорғау органдарының абоненттерге қатысты жасалған заңсыз әрекеттері бойынша жауапкершілікке тартатын қызметін атқара алмайды.

Сақ болыңыз және алаяқтардың айласына түспеңіз!

 

Қатер төндіретін сілтемені қамтитын SMS

Алаяқтар абоненттік нөмірлерге жаппай SMS жолданымдар жүргізуде. Хабарламада сілтеме көрсетілген, сол сілтемеге өткен уақытта абонент телефонына вирусы бар файл жүктеледі. Вирус Сіздің құпия деректеріңізді алаяқтарға жолдау мен телефоныңыздан рұқсат етілмеген қымбат СМС жіберуге дейінгі түрлі әрекеттерді жүргізуі мүмкін.

SMS мәтінінің мысалы:

«Сіздің досыңыз суретіңізге пікір қалдырды, оны ашу үшін „www_______“ сілтемесіне өту қажет.»

Не істеу керек?

Белгісіз және/немесе күдікті нөмірден келген SMS-тегі сілтемелерге өтпеген жөн. Осы сайттағы мазмұн операциялық жүйесі бар телефондарға орнатылатын вирустық бағдарлама болуы мүмкін. Осындай хабарламаларды алған кезде алынған ақпаратты растау үшін компаниямыздың ақпараттық-анықтамалық оратылығына қоңырау шалыңыз.

Жалған жүлде

Сіздің ұялы телефоныңызға қандай да бір ірі компанияның (радиостанцияның, дүкендер желісінің т.б.) науқан (ұтыс ойынының) өткізіліп жатқандығы туралы қоңырау немесе смс келіп, Сізге құнды жүлде (ұялы телефон, автомобиль, тұрмыстық техника, пәтер т.б.) ұтып алғандығыңыз хабарланады. Содан кейін алаяқтар Сізден ұтып алынған жүлде салығы немесе жеткізіп беру құны ретінде белгілі бір ақшалай қаржыны нөмірлерге аударуды немесе төлем карталарын сатып алып, олардың құпия кодтарын айтуды ұсынады.

Не істеу керек?

Қандай да бір әрекеттерді жүргізбес бұрын Компанияның ақпараттық-анықтамалық қызметіне хабарласу арқылы шынымен де осындай науқанның жүргізіліп жатқандығына көз жеткізуге тырысыңыз.

Көп жағдайда осындай хабарламаларды жолдайтын алаяқтар көрсететін компаниялардың шын мәнісінде мұндай ақпаратқа еш қатысы жоқ. Алаяқтар осындай компаниялардың жоғары беделін біле тұра, олардың атауларын (брендтерін, сауда белгілерін) абоненттерді шатастыру үшін пайдаланады.

Науқан өткізетін компаниялар ақшалай қаражатты аударуды, сондай-ақ төлем карталарының құпия кодтарын хабарлауды сұрамайды.

Бағасы қымбат қысқа нөмірге SMS жолдау

Егер Сізден қысқа нөмірге (көп жағдайда 4 таңбалы) жауап беруді сұраса, бұл – құны жүздеген теңге тұратын контент-провайдерлердің қымбат қызметтері болуы мүмкін.

SMS мәтінінің мысалы:

«Сіз дауыстық хабарлама (немесе MMS) алдыңыз, және оны тыңдау (қарау) үшін Сізге ХХХХ нөміріне YYYY коды бар SMS жолдау қажет».

Егер Сіз шынымен де дауыстық хабарлама алсаңыз, нөміріңізге келген мәлімдеме 2000 нөмірінен келуі қажет. Егер жолдаушы ретінде кез-келген басқа нөмір тұрса, бұл хабарламаны жіберген алаяқтар екендігі анық, яғни хабарламаны көрсетілген нөмірге жолдағаннан кейін абонент шотынан дауыстық хабарлама тыңдау құнынан әлдеқайда асатын сома алынады.

«Құрметті пайдаланушы! Сізге нөміріңізді іске қосу қажет. Бұл үшін ХХХХ нөміріне YYYY мәтіні бар SMS жолдаңыз. Іске қосу тегін».

Нөмірді іске қосу нөмірді сатып алған кезде бір-ақ рет жүргізіледі және нөмірге қатысты кейінгі әрекеттерді тек абоненттік бөлімдер мен сату орындары арқылы жүргізу қажет.

«Сәлеметсіз бе! Сізге шұғыл операция қажет ететін Жасминнің мамасы хабарласып тұр. ХХХХ нөміріне өзіңіз аямайтындай рет YYYY мәтіні бар SMS жолдасаңыз, Сіз оның жазылуына өз үлесіңізді қосасыз. Құны 25 тг. Рахмет Сізге!»

Не істеу керек?

Осындай хабарламаларды алған жағдайда алынған ақпаратты нақтылау үшін Компанияның ақпараттық-анықтамалық қызметіне хабарласыңыз.

Туыстың қайғылы оқиғаға ұшырауы

Ұялы телефоныңызға қоңырау келіп түседі. Қоңырау шалушы өзін Сіздің туысыңыз немесе досыңыз (әріптесіңіз) екендігін айтып, уайымға толы дауыспен қайғылы оқиғаға ұшырағандығын айтады. Мысалы, жол апатына ұшырағандығын, адамды қағып кеткендігін т.б. айтады және дәл сол сәтте «туысыңыздың» («досыңыздың»/«әріптесіңіздің») телефоны сынып, қуаты таусылып қалғандықтан, басқа біреудің телефонынан қоңырау шалып тұрғандығын хабарлайды. Және осы жағдайға байланысты оған біраз жерге қоңырау шалу керек болғандықтан ол Сізден телефон балансына ақша салуыңызды өтінеді. Ары қарай төлем картасын сатып алып, құпия кодты хабарлау сұралады.

Не істеу керек?

Ең алдымен, қайғылы оқиғаға ұшырады-ау деген туысыңызға немесе досыңызға хабарласып, ол туралы мәліметтерді сенімді дереккөздерден алуға тырысыңыз. Ал егер алаяқтың өзі Сізге туысқаныңмын (досыңмын, әріптесіңмін) деп аталған болса, оған Сізге қоңырау шалушының шынымен де сол адам екендігіне көз жеткізуге мүмкіндік беретін бірнеше сұрақ қойыңыз. Алаяқтардың көп жағдайда әлеуметтік сайттарда келтірілген ақпаратты пайдаланып, Сіздің қоңырау шалушы тұлғасын анықтау мақсатында қойған кейібр сұрақтарыңызға жауап бере алатындығын ескеріңіз. Осылайша, алаяқтар тұратын орныңызды, көлік маркасын, отбасы жағдайыңызды, туысқандарыңыздың аты-жөндерін т.б. білулері мүмкін.

Бұғаттаушы вирустар

Компьютеріңіздің/смартфоныңыздың экранында төмендегідей мазмұндағы хабарлама пайда болады:

«Компьютеріңізде вирус табылды. Оны жою үшін YYYY мәтінін ХХХХ нөміріне жолдаңыз.»

«Windows операциялық жүйеңіздің лицензиясы таусылған, оны ұзарту үшін ХХХХ нөміріне YYYY мәтіні бар SMS жолдаңыз.»

«Құрылғыңыз сіздің тыйым салынған сайтта болуыңызға байланысты бұғатталды, айыппұл төлеуді сұраймыз. Ақпарат министрлігі.» Т.с.с.

Не істеу керек?

Ешбір жағдайда көрсетілген нөмірге хабарлама жолдамаңыз, оның орнына компанияның анықтамалық-ақпараттық қызметіне хабарласып, одан арғы әрекеттеріңізге қатысты кеңес алыңыз. Көп жағдайда осы іспеттес хабарламалар алаяқтардың әрекеттері болып табылады, сондықтан мұндай SMS жолдау мәселеңізді шешпейді.

SMS қағып алу, сөйлесулерді тыңдау және абоненттің орнын анықтау бағдарламалары

Бүгінгі таңда Сіз түрлі төмендегідей сервистерді сатып алу ұсыныстарына тап болуыңыз мүмкін: «Оның SMS-терін оқу бағдарламасы», «Оның телефонын тыңдау бағдарламасы», «Телефондардың контроллері», «Мобильді детектор», «Мобильді локактор» т.б. Атауларында көрсетілгендей, алаяқтар абоненттерге өзгелердің СМС хабарламаларын оқуды, басқа абоненттің қоңырау шалу тарихын көруге немесе абоненттің орналасқан орнын анықтауды т.б. ұсынады.

Қазіргі кезде Компанияда ақпаратты оқып, үшінші тұлғаларға беру бағдарламаларының бар-жоқтығына қатысты ақпарат жоқ. Мүмкін, мұндай әрекеттерді алаяқтар алдау жолымен абонент телефонына түрлі құрылғыларды немесе бағдарламаларды орнату арқылы жүргізетін болар.

Не істеу керек?

Мұндай әрекеттердің алдын алу үшін телефоныңызды үшінші тұлғаларға бермеңіз. Ұялы телефоныңызды заңсыз қол жеткізуден қорғау үшін бұғаттан шығару паролін орнатыңыз (телефоныңызды пайдалану нұсқаулығын оқыңыз).

Хат алмасу құпиясын, телефон сұхбаттарын және басқа да хабарлама құпиялығын заңсыз бұзуға тыйым салынғандығын және мұндай әрекеттерге Қазақстан Республикасының заңмен орнатылған қылмыстық жауапкершілік жүктелетінін есте ұстау қажет.

Төлем карталарымен жүргізілетін алаяқтық

Төлем картасынан ұялы байланыс қызметтерін төлеу немесе тауарларды сатып алу есебіне алаяқтық банктік аударым жағдайлары жиілеп кетті.

Кеңестеріміз:

  • Төлемді дүкендерде, тек өзіңіздің қатысуымен жүргізу;
  • Ешкімге ауызша да, жазбаша да банктік картаңыздың деректемелерін бермеу;
  • PIN немесе құпия сөзді жазбаша сақтамау;
  • Банктен SMS мәлімдеме қызметін қосу. Осы қызмет сізге картаңыздағы ақшалай қаражатпен жүргізілетін өзгерістердің барлығы туралы бірден хабарлама алуға мүмкіндік береді.

Күдікті транзакциялардың анықталған жағдайында сізге барынша жылдам банкке хабарласып, картаны бұғаттау қажет, сондай-ақ құқық қорғау органдарына өтініш жазу керек.

Әлеуметтік желілер арқылы хабарламалар

Әлеуметтік желі арқылы танысыңыздан кейбір жағдайларға байланысты қандай да бір телефон нөмірінің теңгерімін толтыру туралы өтінішпен (немесе ақша қаражатын беруге байланысты кез келген басқа өтініш) хабарлама келеді.

Не істеу керек?

Мұндай хабарламалар бұзылған аккаунттардан келетінін түсіну қажет. Яғни, қаскүнем пайдаланушының аккаунтына бұзып, кіріп, осы аккаунттың барлық достарына үлгілік жіберілім жасайды. Ең алдымен аккаунт иегерімен басқа арналар арқылы байланысу қажет және осы хабарламаны шынымен өзі жібергенін анықтау қажет.

Кеңестер

Егер Сіз ұялы телефон нөміріне банк карталарыңызды, электрондық ақша әмияндарыңызды, әлеуметтік желідегі аккаунттарыңызды, электрондық поштаңызды, т.б. тіркесеңіз, онда осы нөмірді өз атыңызға тіркеуге қатаң кеңес береміз. Егер нөмір сіздің атыңызға тіркелмеген болса, онда сіздің жеке деректеріңіз бен ақша қаражатыңызға қауіп төнуі мүмкін. Қосымша қорғаныс үшін сіздің нөміріңізбен жүргізілетін барлық әрекеттерге код сөз орнатуыңызға кеңес береміз. Код сөзін белгілеу үшін кез келген Кселл Клиенттерге қызмет көрсету орталығына барып, өтініш жазуыңыз қажет.

Сіздің туысыңыз, досыңыз, танысыңыз болып өзін таныстырып, ақшалай қаражат аудару, төлем карталарын енгізу, қысқа нөмірге СМС жолдау сияқты әрекеттерді шұғыл орындауды талап еткен бейтаныс тұлғалардан алынған ақпаратты тексеріңіз.

Қандай да бір науқанға/жүлделердің ұтыс ойындарына қатыспас бұрын Компаниямыздың анықтамалық-ақпараттық қызметіне хабарласып, науқан/ұтыс ойынының шын мәнісінде өткізіліп жатқандығына көз жеткізіңіз және де қоңырау/SMS құнын біліңіз.

Бейтаныс нөмірден келген қандай да бір ақпаратты/ММС/дауыстық хабарламаны т.б. ашуға арналған сілтемені жүктеуге асықпаңыз.

Кейбір бейтаныс/тексерілмеген қосымшаларды телефоныңызға орнатпастан бұрын олардың сипаттамасымен танысыңыз. Бұл – өз бетінше қоңырау шалып, SMS жолдайтын вирус болуы мүмкін.

Өздері SMS жолдайтын қосымшаларды анықтап, олардың Сіздің келісіміңінсіз смс жолдауларын шектеу үшін келесі қадамдарды орындау қажет:

  • Егер телефоныңыз Android оперативті жүйесінде болса: Реттеулер 〉Қосымшалар 〉Қосымшаларды басқару. Телефонға орнатылған барлық қосымшалардың тізімі шығады. Әр қосымшаға кіріп, сипаттамасын көру қажет. Өздері SMS жолдайтын қосымшалардың сипаттамаларында төменде «SMS жолдау мүмкіндігінде» қанат белгісі тұрады.
  • Егер телефоныңыз Symbian оперативті жүйесінде болса: Параметрлер 〉Қосымшалар диспетчері 〉Орнатылған қосымшалар. Телефонда орнатылған барлық қосымшалардың тізімі пайда болады. Әр қосымшаны бөліп алып, оларға келесі әрекеттермен смс жоладуға тыйым салуға болады. Функциялар 〉Қосымшалар параметрлері 〉 SMS пайдалану 〉"Тыйым салу"

Сақ болыңыз! Компьютеріңіздегі вирустан құтылу үшін немесе бағдарламалық жабдық лицензиясының мерзімін ұзарту үшін SMS жолдамаңыз, өйткені қазіргі кезде ондай әрекеттер жүзеге асырылмайды.

Телефоныңызды тек ресми/тексерілген сервис орталықтарында жөндеуден және техникалық қызметтен өткізген жөн. Телефоныңызды үшінші тұлғаларға (жөндеу, т.б. үшін) берген уақытта SIM-картаны телефоннан шығарып алып қалыңыз.

Компанияның өз бетінше немесе серіктестерімен бірлесіп өткізілетін түрлі науқандарды, викториналарды, ұтыс ойындарын өткізу шарттарына қатысты ақпаратты компанияның корпоративті сайттарында – www.kcell.kz, www.activ.kz – немесе абоненттік бөлімдерде алуға болатынына назар аударыңыз. Сонымен қатар, Компания басқа тұлғаларға төлем карталарының кодтарын беруге байланысты ешқандай жарнамалық науқандарды, сондай-ақ абоненттерді тарту мақсатында ұялы телефоннан қандай да бір ақпаратты енгізу, жолдау, қоңырау шалуға немесе пароль ауыстыруға байланысты ешқандай техникалық жұмыстарды жүргізбейді.

Кеңес алу үшін 8(727)2588300, 8(727)2588000 нөмірлері арқылы немесе ұялы телефоннан 9090 нөмірі арқылы Компанияның тәулік бойы жұмыс істейтін ақпараттық қызметіне хабарласа аласыз.